The news is by your side.

Жеңіс жолындағы жүйелі жұмыстар

Үгіт-насихат жұмыстары аясында «Ақ жол» демократиялық партиясының өкілдері Астана қаласындағы «Азия парк» сауда үйінде болып, ондағы келушілерге өздерінің сайлауалды бағдарламалық парақшаларын таратып, жұртшылықты сайлауда дауыс беруге шақырды.

Сайлауалды науқаны басталғалы бері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өзіміздің үгіт-насихат жұмыстарымызды жүргізіп келеміз. Бүгін де сол үрдіс жалғасын тауып отыр. Яғни, партия өкілдері, депутаттықтан үміткерлер мен еріктілер осы сауда үйіне келушілерге «Қазақ үні» басылымын және арнайы парақшаларымызды таратуда. Заң бойынша, наурыздың 18-інде үгіт жұмыстары тоқтатылмақ. Сондықтан да сол мерзімге дейін бұл шаралар жалғаса береді, деді өз сөзінде «Ақ жол» партиясы Орталық кеңесінің мүшесі Ерхан Жабағин. Оның айтуынша, халық көптеп жиналатын жерлерде партияның сайлауалды бағдарламаларын таратып, көпшілікті ақпаратпен хабардар ету нәтижелі жұмыстарға бастайды. Және де партия өкілдеріне осынау ғимаратта өздерінің үгіт-насихат шараларын атқаруға рұқсат берген сауда үйінің басшылығына ризашылық білдірді.

Әріптесінің сөзін жалғаған «Ақ жол» партиясынан Парламент Мәжілісінің депутаттығынан үміткер Әсет Атабаев та үгіт-насихат жұмыстарының белсенді түрде атқарылып жатқандығына назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы мемлекетіміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті. Алаш көсемдері аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп отырған жағдайда, партия бағдарламасында бұл басты құндылық болып есептеледі. Тәуелсіз ел дегеніміз — тәуелсіз экономика деген сөз. Ал аталған экономиканың негізіне мықты шағын және орта бизнес (ШОБ) саласы кіреді. Сондықтан да біздің партияның алдына қойып отырған басты мақсаттарының бірі де сол — ШОБ үлесін арттыру және дамыту, деп атап өтті үміткер.

Естеріңізге сала кетсек, одан бұрын «Ақ жол» партиясы Солтүстік Қазақстан облысындағы жеке кәсіп иелерімен кездескен-ді. Саяси ұйымның белсенді мүшелері жергілікті іскерлермен қазіргі экономикалық ахуал жайлы тілдесіп, бірқатар мәселелерге қанық болды. Үгіт-насихат аясында өткен жиынға 20-дан аса кәсіпкер қатысты. Кәсіпкерлік саласына басымдық беріп жүрген партияның бір мақсаты да осы — ел экономикасын тұрақтандыру және дамыту болып табылады. Себебі, бұл ең алдымен бизнестің партиясы екенін де жоққа шығаруға болмайды. Осы тұрғыдан алғанда, ақжолдықтар елімізде кәсіпкерлік саланы қарышты дамытудың жаңа бағыттарын нұсқаған бірден-бір партия саналады.

 

Мақсат айқын

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының белсенділері сайлау науқанына байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Кеше, партияның республикалық және аймақтық штаб өкілдері Алматы облысы Қарасай ауданындағы Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (ҚазККШҒЗИ) еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесу барысында «Ауыл» партиясының мүшелері бірінші кезекте ҚазККШҒЗИ қызметкерлерін ұйымның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Осы орайда партия хатшысы Бөрібай Жексембин: «Мемлекет ауыл шаруашылығы саласына, өңдеуші кәсіпорындарға қашанда тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Дегенмен, бюджеттік несиелер, субсидия, жеңілдетілген несие көптеген ауыл кәсіпкерлері үшін қолжетімсіз болып жатады. Осыған сәйкес, біздің партия тарапынан заңнамалық базаны жетілдіру бағытында ұсыныстар бар. Шикізат өндіруші кооперациялар мен қайта өңдеуші кәсіпорындарды ынталандыру керек. Одан бөлек кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу маңызды», – деді.

Сондай-ақ, «Ауыл» партиясының өкілдері кездесу сәтінде ұйымның сайлауалды бағдарламасында елдің агроөнеркәсіптік кешенін, отандық тамақ өнеркәсібін дамыту қажеттігіне баса назар аударылғанын жеткізді.

Айта кетейік, өткен сенбі және жексенбі күндері де «Ауыл» партиясының мүшелері үгіт-насихат жұмыстары аясында бірқатар шаралар өткізді. Мәселен, 12 наурызда Көкшетау қаласында «Ауыл» партиясы Ақмола облыстық филиалының белсенділері ұлттық тағамдарды қастерлеу мақсатында флеш-моб өткізді. Бұл орайда ұйым белсенділері: «Ауыл» партиясы бағдарламасының негізгі басым бағыттары халқымыздың рухани-адамгершілік құндылықтарын дәріптеп, дамыту. Осы тұрғыда ұлттық тағамдардың алатын орны ерекше. Ұлттық тағамдарымызды халықаралық дәрежеде насихаттау үшін өзіміз осы қазынаның қадір-қасиетін білуіміз қажет», – деді.

Флеш-моб барысында халық арнайы қойылған инстаграмм қабырғаға келіп, естелікке суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Бұл суреттер партия сайтында не әлеуметтік желілерде жарияланады.

Сондай-ақ, 13 наурызда «Ауыл» партиясы республикалық штабының орталық кеңсесінде «Гүлденген ауыл» акциясының аясында жинақталған ауылдағы сәтті бизнес-жобалар таныстырылды. Бір апта ішінде орталық кеңсеге 10-ға жуық бизнес идеялар келіп түсіпті. Олардың арасында мал және егін шаруашылығына қатысты жобалар басым. Сонымен қатар, жасыл экономика, тамшылатып суару секілді бизнес идеялар да бар.

 

Ел еңбеккеріне – ерекше назар

Қазақстан Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) Мәжіліс депутаттығынан үміткерлер тізіміне енген белсенділері Шығыс Қазақстан облысында болып, өздерінің сайлауалды үгіт-насихаттарын жүргізді.

Мәжілістің бесінші сайланымында партия атынан депутат болған ҚКХП белсендісі Жамбыл Ахметбеков бастаған бұл кездесу Өскемен қаласының маңындағы «Восток-Молоко» ЖШС еңбек ұжымымен өтті. Бұл еңбек ұжымы – тауарлы сүт өндіру бағытында республикадағы алдыңғы орындардың бірінде жүрген кәсіпорын. Ұжымда 1,5 мыңнан астам адам еңбек етеді. Оның өнімдері Шығыс Қазақстан өңірі ғана емес, республикамыздың бірқатар жерлеріне де шығарылады және Ресей Федерациясының көршілес аймақтарына экспортталады.

Еңбек ұжымының алдында сөйлеген сөзінде Жамбыл Ахметбеков сүт өнімдерінің пайдасы мен оның адам ағзасына игі әсері туралы айта келіп, еліміз агроөнеркәсіптің дамуына ерекше назар аударып отырғанын жеткізді. Бүгінгі күнге дейін бірнеше аграрлық бағдарлама қабылданды, олар бойынша ауылды өркендетуге миллиардтаған теңге қаражат бөлінген. Мәжілістің V сайланымына депутат болғанда ҚКХП фракциясы бұл бағдарламалардың барынша жетік болуына өз тараптарынан ықпал етті.

Сонымен қатар, Ж.Ахметбеков ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мүддесін қорғау жолында Үкіметке бірнеше рет депутаттық сауал жолданғанын жеткізді. Сайлауалды бағдарламасында да ҚКХП агроөнеркәсіп саласы еңбеккерлерінің мүддесін ескерген. Олардың ауыр еңбектеріне орай тиісінше еңбекақы төленуі қажеттігін өкіметке айтуды да коммунистер назардан тыс қалдырмайды, деді Ж.Ахметбеков.

Партияның Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің бірінші хатшысы Шыңғыс Байдәулетов өзінің сөзінде партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпаратты толықтырды. Соның ішінде еңбек адамының мүддесі мен құқы оның негізгі бағдары екендігі ескертілді.

Партияның республикалық сайлауалды штабының мүшелері, сондай-ақ, Астана қаласы жастары мен жасөспірімдеріне арақ пен темекі өнімдерінің сатылуына тыйым салу бағытында акция өткізіп, қала тұрғындарының назарын өздеріне аударды. Алқызыл жалауларын желбіреткен коммунистердің үгіт-насихат штабының белсенділері қаланың бірнеше дүкені мен мини-маркеттерінің ішіне еніп, сатушыларға жасөспірімдерге алкоголь өнімдері мен темекі сату заңмен қудаланатыны жөнінде әңгімелер айтты және парақшалар таратты.

Республикалық штабтың басшысы Айқын Қоңыров осы бағыттағы заңның сақталуын азаматтық негізде қадағалау қоғам үшін аса қажетті шара екенін атап көрсетті.

 

Партиялар бәсекелестігі – даму негізі

Орал қаласында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалында Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына қатысты үгіт-насихат шаралары өткізілді. Өйткені, электораттық науқанға аталған партия да қатысуға құқық алып, көпшілікке өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ұсынған болатын.

Басқосуда филиал төрайымы, Парламент Мәжіліс депутаттығынан Жалпыұлттық социал-демократиялық париясынан үміткер Қадиша Мұқанова сөз алып, аталған бағдарлама аясында қолға алатын істері жөнінде баяндап бері. Біздің партияның басты мақсаттарының бірі тұтастай Қазақстан қоғамын одан әрі жаңғыртуға үлес қосу. Бұл – мейлінше өте жауапты да күрделі іс. Сондықтан оған кешенді көзқарас тұрғысынан қарай білуіміз керек, деді ол.

Бұдан әрі шешен алда тұрған міндеттің оң шешімі табылуы үшін бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын қазіргіден де арттыра түсу керектігін жеткізді. Сонымен бірге, бұған дейін бекітілген төменгі күнкөріс шегі мен табыс көздерін көтерудің де маңызы жоғары екеніне екпін түсірді. Бұл ұсынысымыздың көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға тікелей қатысы бар. Оларды қолжетімді баспанамен қамту ісінде де түбегейлі шешімін тауып үлгермеген мәселелер жоқ емес. Білім беру мен денсаулық сақтау саласында да назар аударатын тұстар жеткілікті. Мұны қарапайым тұрғындардың мүддесін ескере отырып қарастыру керек, деді ол одан әрі.

Бұдан кейін сөз алған пария мүшелері Борис Мясников, Өзипа Тұяқбаева, Анаргүл Әбенова және Баян Омарова партияның сайлауалды бағдарламасында дағдарысты еңсеруге қатысты атқарылатын істер де көрініс тапқанын жеткізді. Заң ғылымдарының кандидаты Мереке Ғабдуалиев пен саясаткер Еркін Ерғалиев болашақта сайланатын ел парламентаризмінің биік кәсіби деңгейі елдің еркін әрі демократиялық тұрпатта дамуына оң әсерін тигізе алатынын айтты. Сонымен бірге, оның пікірінше, Парламенттің сапалық тұрғыдан көтерілуі тұтастай қазақстандық жүйенің жаңғыруына септігін тигізбек екен. Үгіт-насихат аясы шеңберінде сөз сөйлеген партия белсенділері Жалпыұлттық социал-демократиялық париясынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат ретінде тіркелген Қадиша Мұқанованың лайықты үміткер екенін атап өтті. Ол мемлекеттік органдар қызметінде жүргенде де халықпен тіл табысып жұмыс жасады. Бүгінгі қоғамдық құбылыстардың жай-күйін терең түйсіне алады. Ол соңғы он жыл ішінде аталған партия филиалына жетекшілік жасап келеді, деді олар.

Кездесу кезінде Қ.Мұқанова іс-шараға қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап қайтарды.

 

«Менің Отаным» байқауы мәресіне жетті

«Бірлік» саяси партиясы сайлау науқанының аясында өткізілген «Менің Отаным» атты республикалық сурет байқауының нәтижесін шығарып, жеңімпаздарды марапаттады. Аталған байқау жастар арасында өз еліне деген патриоттық сезім мен сүйіспеншілікті насихаттауға негізделген.

«Ізгі ниет! Адал қызмет! Таза орта!» ұраны шеңберінде саяси партия оның басымдықтарын айшықтай көрсетіп, өскелең ұрпақтың бойына өз еліне деген ұлтжандылықты дарытуға басымдық береді.

Байқауға елдің түкпір-түкпірінен барлығы 30 автордан 82 жұмыс келіп түскен. Картиналарда қала пейзажы, туған жердің жазиралы даласы, ата-бабаларымыздың тұрмыс-салты сәтті бейнеленген. Ел тарихында өзіндік орны бар тұлғалар портреттері де, отандастар өмірінен сыр шертетін туындылар да бар. Қатысушылар үйреншікті майлы бояуларды да, сондай-ақ, әдеттегіден тыс материалдар: ағаш қабығы, кенеп жіп, т.б. шебер пайдаланған.

Қазылар алқасының құрамындағы елімізге танымал қылқалам шеберлері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстаздары байқауға қатысушылар еңбегіне өздерінің бағасын берді. Қазылардың айтуынша, жеңімпаздарды анықтау да оңайға түспеген. Жұмыстардың барлығы да айрықша фантазияға толы әрі шеберлікпен бейнеленген. Соның бір айғағы, іріктеудің бірінші кезеңінде ғана 27 жұмыс іріктелген.

«Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасары Болат Байқадамов аталған шараның өткізілуі партия үшін кездейсоқ емес, заңдылық екендігін баса айтты. «Біз рухани құндылықтарды қастерлейтін партиямыз, сол себепті де өскелең ұрпаққа қамқорлықты, олардың тәрбиесіне деген басымдықты алдыңғы қатарға қоямыз. Эстетикалық тұрғыда да биік талғамды жастардың бойына сіңіре білуіміз қажет. Мемлекет басшысының стратегиялық жобаларында өскелең ұрпақтың жан-жақты өсіп-жетілуіне айрықша назар аударылады. Сол себепті, тәуелсіз елдің жастарының еркін, тәуелсіз, бастамашыл болып өсуіне руханияттың партиясы ретінде біз мүдделіміз», – деді ол.

Шара барысында Б.Байқадамов жеңімпаздарды салтанатты түрде құттықтап, кәделі сыйлықтарды тапсырды. Сонымен, «Отан» аталымы бойынша Алмас Орақбаев, «Бірлік» аталымы бойынша Нұрбол Әміржанов, «Ізгі ниет» аталымы бойынша Карима Абдуллаева, «Серпін» аталымы бойынша Жеңіс Молдабеков жеңімпаз атанды.

Байқауды ұйымдастырушылардың атап көрсеткеніндей, «Менің Отаным» байқауы өзінің көздеген мақсатына жетіп, оған қатысушылар өз Отанына деген ерекше сүйіспеншілік пен асқақ патриотизмді көрсетті.

Комментарии закрыты.